Дүние жүзіндегі ең үлкен тұйық су қойма Каспий теңізі күрт тартылып, ең төменгі – теңіз деңгейінен 29 метр төмен нүктесіне жетті. Ол 386 400 шаршы шақырым аумақты алып, Әзірбайжан, Иран, Ресей, Түркіменстан және Қазақстан сияқты бес жағалау мемлекетімен шектеседі. Өзінің бай биоәртүрлілігімен танымал Каспий теңізі 850-ге жуық жануарлар мен 500-ге жуық өсімдік түрлеріне ие1. Биологиялық әртүрлілігінен басқа Каспий теңізі мұнай мен табиғи газ сияқты табиғи ресурстарға бай. Каспий теңізінде шамамен 48 млрд баррель мұнай мен 292 трлн текше метр табиғи газ бар деп есептеледі2.
Өкінішке орай, Каспий теңізі флорасы мен фаунасына, сондай-ақ жағалаудағы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына елеулі зардап тигізетін шөлге айналу қаупімен бетпе-бет келіп отыр. Каспий теңізінің тартылуының негізгі себептері, ең алдымен, климаттың өзгеруі және антропогендік факторлармен, соның ішінде өзен ағынын реттеу, тұщыландыру және көмірсутектер ластауымен байланысты болуы мүмкін.
Каспий теңізі су деңгейінің алаңдатарлық төмендеуі XX ғасырдың басында басталды. 1930-1941 жылдар аралығында ол жыл сайын орташа есеппен 14,7 см төмендеген. 1941 жылдан 1978 жылға дейін Каспий теңізі баяу қарқынмен болса да, жылына шамамен 3 см-ге қысқаруын жалғастырды. Ол 1977 жылы -29 м-де ең төменгі деңгейіне жетті. Бір қызығы, одан әрі құлдырау туралы болжамдарға қарамастан, су деңгейі 1978-1995 жылдар аралығында көтеріле бастады және жылына шамамен 15 см-ге өсті. Алайда бұл үрдіс ұзаққа созылмады, өйткені 1995 жылдан бастап су деңгейі қайтадан төмендей бастады3. Содан бері ол жылына орта есеппен 7 см-ге кішірейіп келеді. 2023 жылы ол өзінің ең төменгі деңгейінен асып, теңіз деңгейінен 29,20 м төмен болды4.
Каспий теңізі деңгейінің (CSL) өзгеруі: 1840-2015
Бұл үрдіс жалғаса берсе, әсіресе Каспий теңізінің Қазақстанмен шектесетін солтүстік бөлігі мүлдем жойылып кетуі әбден мүмкін5. Құрғауға бейім акваторияның 70 пайызы Қазақстанда орналасқан деп есептеледі6. Оған қоса қазақстандық теңіз бөлігі тереңдігі 4,5 м болатын жалпы су көлемінің тек 1/100 бөлігін құрайтын ең таяз сектор екенін ескеру керек. Теріс тенденция өткен жылдың жазында Каспий теңізінің жағасында орналасқан Ақтау қаласында байқалды. 2023 жылдың 8 маусымында порттық қалада Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты төтенше жағдай жарияланып7, Қазақстанның Экология министрі Зүлфия Сүлейменова Каспий теңізіндегі экологиялық жағдай күрделі екенін және оның жағымсыз салдары бірінші кезекте Қазақстан секторына әсер ететінін мәлімдеді8.
Неліктен Каспий теңізі тартылып жатыр?
Каспий теңізіндегі экологиялық мәселелердің негізгі себебі климаттың өзгеруімен байланысты. Оның кесірінен Каспий теңізінің үстіндегі жауын-шашын мөлшері азайып, булану жылдамдығы артқан. 1979 жылдан бастап Каспий теңізінің бетінің орташа температурасы жылына Цельсий шкаласы бойынша шамамен 1 градусқа көтерілді9.
Сонымен қатар, климаттың өзгеруі Каспий теңізін қоректендіретін өзен ағындарының көлемінің азаюына әсер етті. Су қойманың жыл сайынғы негізгі бөлігін қамтамасыз ететін 130-ға жуық өзеннің негізгі ағыны Еділ өзенінен келеді, бұл Каспий теңізі көлемінің шамамен 80 пайызын құрайды. Құйылатын өзендерде жауын-шашынның аз болуы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне әкеледі10. Осы факторлардың нәтижесінде 2010 жылы Каспий теңізінің деңгейі 31-44 см-ге төмендеді11.
Дегенмен, Каспий теңізінің азаю себебі табиғи себептермен шектелмейді. Су деңгейіне адамның іс-әрекетінен туындаған антропогендік факторлар айтарлықтай әсер етеді. Мысал ретінде 1930 жылдары Кеңес Одағы жүргізген индустрияландыруды айтуға болады12. Су электр өндірісін қамтамасыз ету үшін Каспийге құятын өзендер бойына көптеген су қоймалары салынды. Сол сәттен бастап Каспий теңізінің деңгейі төмендей берген. Одан бөлек 1950 жылдары Еділ өзенінде бөгеттердің салынуы бекіре тұқымдас балықтардың су айдынына ағуын бұзған. Жалпы, 1956-1969 жылдар аралығында Каспий теңізінің көлемі жыл сайын 25 км3 азайып отырды. Егер Каспий қоректенетін өзендерде су көлемі азаймағанда, су қойманың қазіргі деңгейі 1-1,5 м-ден жоғары болатын еді13. Қазіргі уақытта Еділ өзенінде Каспий теңізіне судың ағуына айтарлықтай кедергі келтіретін 8-ге жуық бөгет бар14.
Антропогендік фактор су деңгейінің төмендеуімен бірге Каспий теңізінің ластануына әкеледі. Каспийге құятын өзендер жыл сайын су қоймаға 75 мың тонна мұнай өнімдерін тасымалдап, көмірсутекпен ластайды. Бұл Каспий теңізінің жалпы көмірсутегімен ластануының жартысына тең және оның 95%-дан астамы тек Еділ өзенінен келеді. Ластанудың екінші себебі Каспий теңізінің өзінде көмірсутектерді өндірумен байланысты. Су қоймадағы көмірсутек ресурстары орасан зор мөлшерде болғандықтан, жағалаудағы мемлекеттер оларды ауқымды өндіріп, судың көмірсутектермен ластануы мәселесін туғыздырады. Мысалы, тек қазақстандық секторда жыл сайын Каспий теңізіне шамамен 8 000 т мұнай ағып кетеді15.
Көмірсутектерді өндіру Каспий теңізі деңгейінің төмендеуін үш негізгі жолмен жеделдетті. Біріншіден, көмірсутектерді өндіру парниктік газдарды бөлетіндіктен, бұл су қоймасындағы жауын-шашынның азаюына ықпал етіп, аумақтың кебуіне әкеледі. Екіншіден, көмірсутектерді өндіру топырақ эрозиясына ықпал етеді, бұл одан әрі су деңгейінің төмендеуіне әкеледі. Ақырында, өндіру процесінің өзі суды айтарлықтай ластап, Каспий теңізіне кері әсерін тигізеді16.
Каспий теңізі су деңгейінің төмендеуін Қазақстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Иранның тұщыландыру жұмыстарымен де байланыстыруға болады. Бұл жағалау мемлекеттері өз аумақтарында су тапшылығына байланысты Каспий теңізін тұщыландыруға арқа сүйейді. Су тұщыландырудың салыстырмалы түрде арзан екенін ескере отырып, бұл мемлекеттер теңізден алатын су мөлшерін жыл санап өсіріп отыр.
Тұщытылған су тек ауыз су немесе ауыл шаруашылығына ғана емес, сонымен қатар жасыл сутегін өндіруге де пайдаланылады. Мысалы, бір мегаватт энергия өндіру үшін бес метрикалық тонна тұщы су қажет. Қазақстанның ЕО елдерімен бірлесіп сутегі өндіру және импорттау бойынша бірнеше жобалары бар. Мұндай жобалар Еуропадағы қоршаған ортаны жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз, бірақ олар Каспий теңізі су деңгейінің төмендеуін жылдамдататын негативті салдарға әкелуі мүмкін17.
Каспий теңізіндегі су деңгейінің төмендеуінің салдары қандай?
Каспийдің тартылуы ең алдымен теңіз тіршілігіне, әсіресе Каспий итбалығының популяциясына әсер етеді. Олардың саны 1950 жылдан бері айтарлықтай қысқарған. Соңғы күрт азаю 2022 жылы 2500 өлі итбалықтың денесі табылған Каспий теңізінің Ресей жағалауында байқалды18. Олардың жаппай жойылуы олардың Халықаралық табиғатты қорғау одағының жойылып кету қаупі төнген жануарлардың қызыл тізіміне, сондай-ақ жағалаудағы мемлекеттердің Қызыл кітаптарына енуіне әкелді.
Итбалық популяциясының азаюын жоғарыда аталған табиғи және антропогендік факторлармен тікелей байланысты. Аз жауын-шашын және жоғары булану итбалықтардың көбею процестері үшін өте маңызды мұз қабаттарының қалыңдығын және маусымдық ұзақтығын қысқартты. Сондықтан, итбалықтар өздерінің мекендеу орындарын басқа аймақтарға өзгертуге мәжбүр. Алайда жаңа аумақтар көмірсутектерді өндіру кесірінен ластанған болуы мүмкін, бұл итбалық денелерінде токсиканттардың жиналуына әкеледі. Нәтижесінде итбалықтар ауруларға және экологиялық стресстерге деген төзімділігін жоғалтады19.
Сонымен қатар, су деңгейінің төмендеуі Каспий теңізінің тұщытылған суын тұтынатын тұрғындарға кері әсер етуі мүмкін. 2023 жылдың қаңтарында ауа райының қолайсыздығынан Ақтау портындағы су тарту каналы қатып қалды. Нәтижесінде канал суды тұщыта алмай, қала тұрғындарын 10 күннен астам сусыз қалдырды20. Бұл оқиға Каспий теңізі тартыла берсе, жағалаудағы елдердегі порттық қала тұрғындарының сусыз қалатынын көрсетеді. Сонымен қатар, су деңгейінің төмендеуі кеме қатынасы және теңіз тасымалы саласына әсер етіп, нәтижесінде жағалаудағы мемлекеттердің экономикасы зардап шегеді. Су қоймасындағы сауда жолдарының үлкен пайда әкелетінін ескерсек, шөлейттену мәселесі аймақ экономикасына үлкен зиян келтіруі мүмкін.
Каспийдің су ресурстарын басқарудағы мәселелер
Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі суды тиімсіз басқаруға байланысты одан сайын ушығып кетуі мүмкін. Су акваториясында экологиялық мәселелер XX ғасырдың басында-ақ байқала бастағанына қарамай, оларды шешуге бағытталған алғашқы бірлескен шаралар 2003 жылы ғана қолға алынды. Атап айтқанда, бес жағалау мемлекеті алғаш рет келісімге келіп, Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау туралы негіздемелік конвенцияға қол қойды. Конвенция 2006 жылы күшіне еніп, келесі төрт хаттаманы қамтыды: Мұнаймен ластану оқиғаларымен күресудегі аймақтық дайындық, әрекет ету және ынтымақтастық, Каспий теңізін құрлықтағы көздер мен әрекеттерден ластанудан қорғау, Биологиялық әртүрлілікті сақтау және Трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсерді бағалау.
Алайда, Каспий теңізінің қорғаумен айналысатын институттарын жобалау және ратификациялау процесі тым ұзаққа созылып, экологиялық мәселелерді шешу процесі үлкен кедергілерге тап болды. Жоғарда аталған 4 хаттаманың тек екеуі ғана күшіне енді, ал қалғандарын Ресей мен Иран ратификациялаған жоқ21. Оны Мәскеу мен Тегеранның геосаяси және экономикалық мүдделерімен түсіндіруге болады. Олар қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне қызығушылықтарына сәйкес келсе ғана басымдық береді. Мысалы, Транскаспий құбырының құрылысын тоқтату үшін Ресей мен Иран су қоймасында құбырларды салу кезінде экологиялық стандарттарды сақтауға міндеттейтін Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға жүгінді22. Сонымен қатар, Ресейдің Еділ өзенінің ағынын реттеуге құлықсыздығы оның экономикалық мүдделерінен туындайды. Сондықтан Каспий теңізіндегі өзен ағыны су деңгейінің төмендеуіне ықпал ететін негізгі фактор болып табылса да, мәселе әлі күнге дейін қолға алынбаған.
Су ресурстарын басқаруға қатысты тағы бір мәселе Каспий теңізінің шекарасын айқындауға қатысты құқықтық белгісіздіктен туындайды. Жағалаудағы мемлекеттердің су айдынын бөлуге қатысты қалаулары әртүрлі. Мысалы, Қазақстан мен Әзірбайжан жағалаудағы мемлекеттердің бөлінген аумақтардағы егемендігін қамтамасыз ететін бөлуді жақтайды. Қазақстан, атап айтқанда, Каспий теңізін жабық теңіз ретінде қарастыруды қолдайды, сондықтан теңіз түбі мен ресурстарын медианалық сызық принципі бойынша бөлуді қалайды. Әзірбайжанның ұстанымы бойынша, Каспий теңізі шекаралық көл болып табылады, сол себепті оны медиана бойынша толығымен бөлу керек. Екінші жағынан, Иран кондоминиум тәсілін қолдайды, онда су айдыны тең бөлінеді және барлық жағалаудағы мемлекеттер бірлесіп басқарады. Бұл келісімсіз Иран су айдынындағы ең аз үлеске ие болады23.
Су қойманың шекарасын анықтауға қатысты келіспеушіліктерге қарамастан, жағалаудағы мемлекеттер 2018 жылы Ақтауда Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. Конвенцияға сәйкес Каспий теңізі үш аймаққа бөлінеді: аумақтық сулар, балық шаруашылығы аймақтары және жалпы аумақ. Жағалау мемлекеттері жағалаудан 15 теңіз миліне дейін созылатын аумақтық суларға және одан әрі 10 теңіз миліне созылатын балық шаруашылығы аймақтарына егемендік алады. Балық шаруашылығы аймақтарынан тыс аумақ жалпы пайдалануға арналған. Дегенмен, теңіз түбінің аумағын делимитациялау әлі де шешілмеген. Мемлекеттер екі жақты немесе көпжақты келісімдер жасау арқылы ғана теңіз түбінің тиісті секторларын шектей алады24. Сонымен қатар, Конвенцияны Иран әлі ратификациялаған жоқ, бұл оны жарамсыз етеді25.
Жалпы алғанда, Каспий теңізінің экологиялық нашарлауын жаһандық жылынумен, антропогендік факторлармен және су ресурстарын басқарудың әлсіздігімен байланыстыруға болады. Осы факторлардың барлығы Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне ықпал етеді. Су деңгейінің төмендеуінен биоалуантүрлілік пен жағалаудағы мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық жағдайына ауқымды салдары болуы мүмкін. Шұғыл салдары дәл қазір анық болмаса да, жақын арада жағдай нашарлауы мүмкін. Арал тағдыры қайталанбас үшін Каспий теңізінің су ресурстарын реттеу шараларын дер кезінде қолға алу қажет.
Каспий теңізінің шөлейттену қаупін болдырмау үшін не істеу керек?
Бірінші маңызды қадам – су ресурстарын бірлесе басқаруды (СРББ) енгізу болып табылады. Оны ең алдымен Каспий теңізі деңгейінің төмендеуімен күресу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуден бастау керек. Одан бөлек барлық жағалау мемлекеттері бірігіп, су деңгейіне барлық антропогендік факторлардың әсерін барынша азайту бойынша кешенді шараларды қолға алғаны да жөн.
Каспий теңізінің деңгейін төмендетуде өзендер ағыны ең маңызды рөл атқаратындықтан, оларды басқару мәселесін бірінші кезекте шешу қажет. Каспий қоректенетін өзендердің негізгі бөлігі Ресейде орналасқандықтан, Ресей үкіметі өзендердегі суарудың тұрақты деңгейін ұстап тұруы және ағып келетін судың көлемі мен сапасын бақылауда ұстауы керек. Суды тұщыту бойынша да жағалау мемлекеттерінің су деңгейінің төмендеуін барынша азайтатын ортақ нормалар туралы келісім жасау қажет. Көмірсутектермен ластануды басқаруға қатысты мәселе Ақтау хаттамасында қарастырылған. Дегенмен, келісімнің мақсаттарын жүзеге асыру үшін тиімді бақылау және орындау тетіктері қажет.
Сонымен қатар, Каспий теңізі ауданын делимитациялауға қол жеткізу өте маңызды. Онсыз Каспий теңізіндегі су ресурстарын басқару мәселесі шешілмейді. Жағалау мемлекеттері өз секторларының экологиялық жағдайы үшін жауапкершілігін күшейтулері керек. Бұл шаралардың орындалуы бес жағалаудағы мемлекеттің ынтымақтастығы мен консенсусына байланысты болғандықтан, олар экономикалық мақсаттардан гөрі Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғауға басымдық беруі керек.
Ақырында, Каспий теңізінің экологиялық мәселесін шешуге халықаралық қоғамдастықтың қатысуы маңызды қадам болып табылады. Каспий теңізінің жаһандық экономикалық маңызын ескере отырып, су деңгейінің төмендеуінің салдары жағалаудағы мемлекеттермен шектелмейтіндігі түсінікті. Сондықтан дамыған мемлекеттер Каспий теңізінің деңгейін реттеп, келеңсіз салдардың алдын алу үшін ғылыми сараптама мен технологияны қамтамасыз еткені абзал.
Мақала IWPR-мен (The Institute for War & Peace Reporting) серіктестік негізінде дайындалған.